Ашық сабақ. «Қағаз ақша» 3 сынып. Каниязова М
Т.Рысқұлов атындағы №9 жалпы білім беретін орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі Каниязова Миригул Матниязовнаның ұйымдастыруымен 3 «Б» сыныбында математика пәнінен «Қағаз ақша» тақырыбында ашық сабақ өткізілді.
Сабақтың мақсаты – оқушыларға 1000 теңге, 2000 теңге және 5000 теңгелік купюраларды ажырата білуге, сондай-ақ түрлі тәсілдермен төлем жасау дағдыларын қалыптастыру болды.
Сабақ «Сиқырлы ағаш» әдісі арқылы жағымды психологиялық ахуал қалыптастырудан басталды. Одан кейін оқушылар топтарға бөлініп, «миға шабуыл» әдісі арқылы өткен тақырыптарды еске түсірді.
Жаңа тақырыпты меңгеру барысында оқушылар нақты өмірмен байланысты тапсырмалар орындады. Олар әртүрлі сомаларды бірнеше тәсілмен құрастырып, ақшаны ұсақтау жолдарын үйренді. Жеке жұмыс кезінде берілген сомаларды түрлі комбинацияда жинақтап, өз білімдерін көрсетті.
Жұптық жұмыс барысында оқушылар суреттер мен өрнектер негізінде есептер құрастырып, олардың шешу жолдарын анықтады. Ал топтық тапсырмаларда логикалық есептерді бірлесе отырып шешіп, өзара ынтымақтастықта жұмыс жасау дағдыларын дамытты.
Сабақ барысында қалыптастырушы бағалау жүйелі түрде жүргізіліп, оқушылар «теңге» арқылы бағаланды. Бұл тәсіл оқушылардың қызығушылығын арттырып, белсенді қатысуына ықпал етті.
Сабақ соңында кері байланыс ұйымдастырылып, оқушылар өз ойларын білдірді. Ашық сабақ жоғары деңгейде өтіп, қойылған мақсаттарға толық қол жеткізілді. Оқушылардың пәнге деген қызығушылығы мен белсенділігі ерекше байқалды.