Бізді қоршаған әлем кеңістігі
3-ақпан мен 14-ақпан аралығында Бастауыш сынып бірлестігінің онкүндігі болды. Жоспар бойынша ашық сабақтар мен сыныптан тыс іс – шаралар болып өтті. Аталған шара бойынша 4 «б» сыныбында «Әлем кеңістігі» атты тақырыпта сайыс сабағы болды. Бұл сабақтың мақсаты оқушылар өздерін қоршап тұрған табиғатты одан әрі тану, іздену және бастысы өз планеталарын қорғау, аялау еді. Оқушыларға үй жұмысы ретінде алдын-ала «Әлем кеңістігі» деген сөзді қалай түсінетіндігіне байланысты макет жасап әкелу берілген болатын. Сынып оқушыларының бірі қалыспай түрлі тақырыпта макеттер жасап әкелді. Сабақ барысында мектеп мұғалімдерінен қазылар алқасы тағайындалды. Олар оқушыларға сәттілік тілеп, өз ақ тілектерін айтып сайыс сабағы басталды.
Сайыс 4 кезеңнен тұрды.
І кезең «Ақиқат – жалған» бұл кезеңде оқушылар айтылған пікірдің ақиқат немесе жалған екенін айтып берулері керек.
ІІ кезең «Кім? Не? Қалай? Қайда? берілген сұрақтарға жауап берді.
ІІІ кезең «Полиглот» бұл кезеңде оқушылар жұмбақ шешіп, жұмбақтың жауаптарын үш тілде аударып айтып берулері тиіс.
ІV кезең «Үй тапсырмасы» макет қорғау.
Оқушылардың бірі су айналым жүйесі бойынша суды үнемдеу туралы тақырыпты қозғаса, енді бірі қоқысты өңдеу, қайта сұрыптаудың маңыздылығы туралы айтып, өз жұмыстарын қорғады. Осылайша балалардың табиғатқа деген жақсы көзқарастары дамып, тіл байлықтары дамыды. Сайыс барысында белсенді, білімді, тапсырмаларды дұрыс орындаған оқушыларға асық таратылды. Сол бойынша олар өздеріне ұпай жинады.
Сайыс қорытындысы бойынша ең көп ұпай жинаған оқушыға мақтау қағазы берілді.