Сабақты зерттеу – тәжірибені жетілдіруге бағытталған ынтымақтастық педагогикалық тәсіл » Т.Рысқұлов атындағы №9 жалпы білім беретін орта мектебі
Талғар ауданы білім бөлімінің
Т.Рысқұлов атындағы
жалпы білім беретін орта мектебі
мемлекеттік коммуналдық мекемесі
Қабылдау бөлімі :
+7(72774) 2-27-62
Есепші бөлімі:
+7(72774) 2-27-62
Нашар көрушілер
нұсқасы
» » » Сабақты зерттеу – тәжірибені жетілдіруге бағытталған ынтымақтастық педагогикалық тәсіл
23
январь
2021

Сабақты зерттеу – тәжірибені жетілдіруге бағытталған ынтымақтастық педагогикалық тәсіл

ШЕБЕР - СЫНЫП БАРЫСЫ:
Қайырлы күн, құрметті шебер-сынып қатысушылары. Бүгін сіздермен «Сабақты зерттеу – тәжірибені жетілдіруге бағытталған ынтымақтастық педагогикалық тәсіл» тақырыбында тәжірибе алмаспақшымыз. Шебер-сынып мақсаты: Көшбасшылық қызметте жалпы және кәсіби құзырлықты қалыптастыруда «Сабақты зерттеу» үдерісін қолдану туралы тәжірибе алмасу.
Қазақтың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсарин «Мектептер - қазақтарға білім берудің негізгі орталығы, оларда қазақ халқының болашағына деген үміт жатыр» деп айтқандай, біздің елдің болашақ иелері мектеп қабырғаларында білім алуда. Осы болашағымыздың іргесін тәжірибелі мамандармен ынтымақтаса отырып қалау – маңызды мәселе деп ойлаймын. Мектеп ұжымындағы мұғалімдердің тәжірибесін ынтымақтастықта шыңдауға бағытталған ұтымды тәсілдердің бірі – «Сабақты зерттеу» (Lesson study) үдерісі. Алайда осы «Сабақты зерттеу» үдерісін ұлттық педагогикамен ұштастыра жүргізсек, көпшіліктің түсінігіне сай келетін сияқты. Себебі бірде – бір адамзат қоғамы өзінен бұрынғы аға буының ақыл – ойын, тәрбиелік тәжірибесін пайдаланбай өмір сүрген емес. Бүгінгі біздің әңгімемізге арқау болар «Сабақты зерттеу» әдісі де ұлт ағартушыларымыздың тәжірибесінен көрініс тапқан. Бұған дәлел география пәнінің негізін қалаушы Әлихан Бөкейханның «Серуен жасап зерттеу әдісі» еңбегінде: «Шын білім тәжірибеде ғана туады. Білім жолының негізі – тәжірибе. Аңда жүріп кісі байлаған түлкі, өзің қуып алған түлкіге жетпейді» - деп, білімді игеруде ең бірінші кезекте тәжірибеге сүйену керек екендігін ескерткен. Сол сияқты мұғалімдер үшін педагогикалық теорияны тәжірибе жүзінде іске асырудың тиімді жолы – ол зерттеу сабақтары. «Сабақты зерттеу» (lesson study) десек ойымызға Тошио Чичибу мен Пит Дадли түсетіні даусыз. Себебі тәжірибені теория жүзінде жинақтап, білім беру саласына қолдануға бірден-бір ықпал еткен ғылым иелері. Сондықтан бүгін Сіздермен зерттеу сабағы туралы ұғымды заманауи және ұлттық педагогиканы ұштастыра отырып, қарастырып көрсек.

Топтастыру. (Қатысушыларды қағаз қиындыларда бейнеленген ұлт ағартушылары суреттерімен топтастыру)
1-топ. Ы.Алтынсарин тобы
Қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері. Қазақтың ағартушылық тарихында және ұлттық мектебінің қалыптасуында терең із қалдырды. 1864 жылы Торғайда қазақ мектебінің ашылуына ықпал етіп, 1879-1883 жылдар аралығында Торғай облысының төрт уезінде (Торғай, Ырғыз, Троицк, Ақтөбе) жаңа мектептер ашады. 1883 жылы Торғай қаласында қолөнер мектебі ашылды. 1887 жылы Ырғызда қыздар мектебін ұйымдастыруы – оның ағартушылық аса зор еңбегі. 1881 жылы Омбы қаласында тұңғыш мұғалімдер мектебі ашылды. Өзі 1876 жылдан бастап "Қазақ хрестоматиясын" жазуға кірісіп, оны 1879 жылы Орынборда бастырып шығарды.
2-топ А.Байтұрсынұлы тобы
Қазақтың ақыны, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері. Қазақ әліппесі мен қазақ тілі оқулықтарын жазуды 1910 жылдардан бастап қолға алады. Араб таңбалары негізінде 24 таңбадан қазақ графикасын жасайды. Өзі «қазақ жазуы» деп, өзгелер «Байтұрсынов жазуы» деп атаған қазақтың ұлттық графикасын түзеді. Одан осы жазуды «Әліппе» құралы 1911-1912 жылдары жарық көрген. «Оқу құралы» деген атпен 1912-1925 жылдары 7 рет қайта басылып, оқыту ісінде ұзақ әрі кең пайдаланылды. 1926 жылы шыққан үш бөлімді «Тіл – құрал» еңбегі қазақ тілін ана тілімізде танудың басы болды, қазіргі қазақ тілі атты ғылым саласының, іргетасы болып қаланды.

Дәстүрлі қазақ қоғамында ошақ қасиетті де қастерлі дүние болып саналады. «Ошағы құлап, оты сөну» бір шаңырақтың тыныс-тіршілігі тоқтағандығын білдірген. Кез-келген елдің оттай жанып-жарқырауы білім саласының мықтылығының нәтижесінде көрінеді. Сондықтан да бүгінгі шарамызды қасиетті тарихи құндылығы жоғары тайқазанмен байланыстырып көрейік. Себебі «Сабақты зерттеу» әдісі мектеп қазанында ұзақ қайнайтын дәмді ас іспеттес. Ол, әрине, жалғыздың үнімен емес, көпшіліктің ынтымақтаса атқаратын бірлескен жұмыс нәтижесінде оң нәтиже беретін үдеріс

Негізгі бөлім
1. Жалпы ұстаным
«Сабақты зерттеу» үдерісінде ынтымақтаса атқарылатын жұмыс нәтижеге бағытталуы үшін, жалпы ұстаным туралы бірауызды келісімге келу өте маңызды. Себебі жалпы ұстаным – бірлескен жұмыстың жетіліп, қатысушылардың нақты мақсатпен алға жылжуына ықпал етеді. «Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік һәм өз жанымызға /қазақ жанына/ үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады.» - ұлт жанашыры Мағжан Жұмабаев айтқандай, бүгінгі топтық жұмысқа негіз болар ұстанымды анықтап алайық. Ол үшін алдарыңызда тұрған қағаздарда жазылған ұлт ағартушыларымыздың қанатты сөздері арқылы топтың ұстанымын таңдаңыздар. Таңдаған нақыл сөзімізді тайқазанның тұғырына жапсырсақ.
«Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден.» Әлихан Бөкейханов
«Білген адамды білімді өмір бойы іздейді» Иүгінеки Ахмед
«Білімдіден не пайда білгенін көпке айтпаса, үйреткеннен не пайда қайырымы қайтпаса.»
Ахмет Байтұрсынұлы
«Бірге оқысқан, бірге оқытысқан, жылдарымыз бір, жолымыз бір қазақ мұғалімдері!» Мағжан Жұмабаев

2. «Мұғалім – өзгеріс тетігі». Кроссенс әдісі
«Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім.» деп А.Байтұрсынұлы кез-келген өзгерісті енгізудің тиімді тетігі мұғалімдер екенін ескертіп өткен. Біздің қазіргі жүргізіп жатқан «Сабақты зерттеу» үдерісін нәтижелі етіп жүргізу – пән мұғалімдерінің жауапкершілігіне тікелей байланысты. Сол себепті ынталы топ мүшелерінің жауапкершілігін арттыру үшін, ұлт ағартушыларымыздың еңбегін насихаттап отырамыз. Ағартушылық қызметтің дамуына ықпал еткен тұлғаларымыздың
«Кроссенс» сөзі «мағыналардың қиылысуы» дегенді білдіреді. Мұғалім өздігінен кроссенс жасай алады немесе оқушыларды өз бетінше жасауға шақыра алады. Осылайша бұл әдіс шығармашылық қабілеттің артып, қиялды дамытуға ықпалын тигізеді. Біз бұл әдісті зерттеу сабақтарында оқиғаның желісін анықтауда, түсініктердің реттілігін шыңдауда, логикалық ойлауын арттыру мақсаттарында қолданамыз. Алдарыңыздағы анықтамаларға сай суреттерді тізбектеп қойып, жүйелілігін айқындасақ.

Суреттердегі бейнеленген ағартушыларымыз тектен-тек назарларыңызға ұсынылған жоқ.
Үлы ағартушыларымыздың ортақ негізгісі мəселесі — ол қазақ қоғамының прогреске бейімділігімен байланысты болды. Олар осы сұраққа жауап іздеу барысында, халқымыздың өзіндік дамуы үшін, дамыған елдердің мəдениетін бойларына сіңіру керек деген тұжырымды жасады. «Дүние тану, білімге талпыну әрбір адамның есейген дәуірінен аңсап қараған түбегейлі ісінің бірі болып келеді.» деп Әлкей Марғұлан айтқандай, әр заманның ағартушыларының өсиеті - жаңалықты танып, бейімделуге талпыну керектігімізді аманттаған. Сол сияқты бүгінгі «Сабақты зерттеу» тәсілі де жаңалықты білім саласындағы тәжірибеге ынтымақтаса отырып тиімді енгізудің бірден-бір тәсілі. Алайда кез-келген жаңалықты үлттық құндылығымызбен негіздесек, өз еліне жанашыр, қадір-қасиетін бағалар ұстаз қалыптасары сөзсіз. Бұл пікір өз тәжірибеміздің негізінде қалыптасқан. Зерттеу сабақтарын жоспарлау кезінде ынталы топ мүшелерімен бірге ұлт ағартушыларымыздың тәжірибелері мен ақыл-өсиеттерін зерделей отырып, сабақтың негізгі тақырыбын оқушылардың ұлттық дүниетанымын дамытатындай тақырыптармен ұштастырып отырдық. Бұл жерде, әрине, өзгеріс енгізу тетігі – ынталы топ мүшелерінің кәсіби біліктілігін көрсетуі үлкен рөл атқарды.

3. «Ұлыларға хат»
«Білімдіден сөз тыңдасаң, күш тасыр. Үйренгенді желге ұшырмай іске асыр» деп Махмұд Қашқари айтпақшы, Ыбырай Алтынсарин мен Ахмет Байтұрсынұлы сияқты ағартушылық қызметтегі шоқтығы биік тұлғалардың сөзін тыңдап, үйренгенімізді желге ұшырмай іске асырсақ зерттеу сабақтарымызда нәтижелі болмақ. Сабақты зерттеу үдерісінің де негізгі мақсаты да сол: мұғалімдердің кәсіби біліктілігін өзара сабақтастық арқылы арттыру. Бір-бірімізге қолдау көрсетіп, білгенімізбен бөлісіп, білмегенімізді зерттей жүрсек қазіргі замандағы ағартушылық қызмет ұлылар салған ізбен жүреді. Сол себепті әр топ қарсы топқа зерттеу сабақтарына байланысты түйткіл мәселелерге қатысты пікір мен сұрақ жазылған хат жазып, бір-біріміздің жауаптарымызды тыңдасақ. Себебі, зерттеу сабақтары әрқайсымыздың мектебімізде жүріп жатыр. Бір-бірімізбен тың тәжірибе мен құнды пікір алмасып, бүгінгі шарамызды қорытындылап, пікірлерімізді қазан үстіне жапсырсақ

Ой қорыту
Оқу, білім – жанған шырақ ойласаң,
Үйренерсің, іздеп көрсең – қалмасаң,
Қу өнерді, бу беліңді, жігер сал,
Пайда аларсың, қаужанарсың, тоймасаң. - деп Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, жалпы зерттеу сабақтары ізденіс пен оқушы жанына жол салар тәжірибенің қайнар көзі. Әр білім ошағы зерттеу сабақтарын ұлттық негізде жүргізетін болса, болашақ ұрпаққа ұлттық құндылықтарымыз арқылы жол көрсетер болсақ, тәуелсіз еліміз әлемдік өркениет көшіне қосылып, дүниежүзілік білім қауымдастығынан өзіндік ерекшелігімен лайықты орын алары сөзсіз. Алдағы стикерлерге кері байланыс, ұсыныстарыңызды жазып, қазан үстіне жапсырсаңыздар. Ұсыныс – пікірлеріңізге ескеріп, алдағы уақытта тәжірибемізді одан әрі өз қазанымызда қайнатпақшымыз.
Бүгінгі шебер-сыныпты ұлт ағартушыларымыздың еңбегімен ұштастыра көрсетуімнің тағы бір себебі: алда келе жатқан «Тәуелсіздік күні» мерекесіне аз да болса өз үлесімді қосқым келгені. Еркін елдің азат ойлы ұрпағын қалыптастырудағы еңбегіміз нәтижелі болсын!!! Көк байрағы желбіреген, бүгінгідей абыройлы да айбынды, беделді де берекелі, ынтымағы мен бірлігі жарасқан еліміздің тәуелсіздігі баянды болғай. Тілегімізді шарға жапсырып, ақ ниетпен білім шарын ұшырайық


Прокомментировать
  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Введите код с картинки:* Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив